«Қазақстанның Тәуелсіздігі – мәңгілік елдің ұлы тарихы». Шымкенттегі педагогтардың біліктілігін арттыру институтында осы тақырыпта облыстық семинар-кеңес өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ассамблея жылы арқау болған шараға ұстаздар қауымы жан-жақты дайындықпен келіпті. Семинар алдында оқытушылардың өздері дайындаған инновациялық жұмыстар көрмесі өткізілді. Онда шәкірттерге заман талабына сай білім берудің тиімді тәсілдері жазылған. Ал үздік деп танылған жобалар тәжірибеде қолданылмақ. Семинарда сондай-ақ Қазақстан тарихы ғылымының халықаралық қауымдастыққа кіруіне байланысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдары қаралды. «Бастысы – ұлттық тарихымызды жастар арасында кеңінен дәріптеп, ғылымдағы бәсекелестікті қалыптастыру», – дейді сала жетекшілері. Қайрат Сағынтаев, Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы: – Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектен бастап әз-Тәуке, Абылай, Тәуекел секілді хандарымыз болды. Бұлардың әрқайсысының тарихымызда ойып тұрып алатын орындары бар. Бүгінгі ұрпақ өз тарихын, өз бабаларымызды білсе дейміз. Өз тарихымызды тереңдей таныса, біз сол тұлғаларымызбен мақтана алатын дәрежеге жететін едік.
Тақырып: 24.kz