Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау мемлекетіміз үшін, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру үшін өте керек, дейді BNews.kz тілшісіне сұхбат берген тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы.
video 0
«Жалпы, әр нәрсенің сын сағаты, өзінің сәті болады. Биыл 550 жылдығын тойлағалы отырған Қазақ хандығы біздің мемлекеттілігіміздің, тархымыздың бір кезеңі. Бұған дейін де қазақ жерінде мемлекеттілік дәстүр болған. Ал, Қазақ хандығы жаңа мемлекет ретінде, «қазақ» деген атпен құрылған және қазақ жерінің ауқымды бөлігін қол астына біріктірген бір мемлекет болып отыр. Сондықтан, осы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау тәуелсіз мемлекетіміз үшін, жас ұрпақтың патриоттық санасын, тарихи санасын қалыптастыру үшін өте керек. Себебі, біздің мемлекеттілігімізге күмәнмен қарайтын сыртқы факторлар бар. Бұл сол факторларға берілген пәрменді тойтарыс болмақ», – дейді Тұрсынхан Зәкенұлы.
Жалпы, тарихшының айтуынша, мемлекет дегеніміз тарихи даму процесі. Сондықтан, әр мемлекеттің қалыптасу, даму, кемелдену кезеңдері болады.
«Мемлекет дегеніміз – тарихи даму процесі. Дүниежүзіндегі барлық елдер бірден қалыптасқан немесе құрылған кезеңіндегі сипатта тұрып қалған жоқ. Әр елдің қалыптасу, даму, кемелдену кезеңдері болады. Орта ғасырда қалыптасқан елдерге бүгінгі мемлекеттіліктік критерилерімен қарауға болмайды. Сондықтан, мемлекетті ұдайы даму процесі тұрғысынан қабылдауымыз керек. Құдайға шүкір, біздің мемлекеттілік тарихымыз 2000 жылды құрайды, ал Қазақ хандығы соның бір кезеңі деп есептеймін», – деп түйіндеді Т.Зәкенұлы сөз соңын.
Тақырып: bnews.kz