Байбарыстың елді басқару тәсілі туралы кітаптарда қазақ халқы туралы көптеген дерек бар – Табыл Құлияс

Еліміз биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өткелі отыр. Арғы-бергі дәуірде тілінен, дінінен айырылып қала жаздаған халық үшін бұл шараның маңызы зор, әрине. Сондықтан да мерейтой қарсаңында әрбір қаламгер, әрбір тарихшы әлем кезіп, тың деректерді іздеп тауып, тарихымызды түгендеуі тиіс. Бұл жайында ҚР мәдениет қайраткері, сатирик-жазушы Табыл Құлияс BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында кеңірек әңгімелеп берді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ел экономикасын дамытудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Жаңа экономикалық саясаттың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Қазір әлем қарбаласта, дағдарысты басынан өткеруде. Капитализм «жемісін» беріп жатыр. Осы орайда, біздің Президентіміз «Нұрлы жол» бағдарламасын жасауы, оны әлемнің мақұлдап отыруы тегін емес. Өйткені, мемлекет басшысы халқын асырау керек, халқына жұмыс табу керек, болашағын өркендету керек, соның сара жолын табу керек. Қазір көптеген елдер қарбаласта тұр. Грекияның, Украинаның жағдайы бәрімізге белгілі. Осындай күйге түспей, халықты дағдарыстан аман-сау алып шығу мақсаты «Нұрлы жолдың» ерекшелігі деуге болады.

–Жолдауда «2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп есептеу керекпіз» деген Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтетінін тілге тиек еткен еді. Мерейтойдың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз? Жалпы, еліміздің тарихшылары мен жазушылары оған қаншалықты үлес қоспақ?

– Президентіміз әлемге қазақ халқын танытты, шаңырағын көтеріп, іргесін бекітті. Енді соны ары қарай нығайту үшін біз әлемге тарихымызды да танытуға тиіспіз. Сондықтан, мұның маңыздылығы ерекше. 550 жылдық деп бізге белгілі болған уақытты алып отырмыз. Ал енді қазақ ұлты мыңдаған жылдар бұрын пайда болды емес пе?! Олай дейтінім, Грек оқулықтарын, басқа да әлем елдерінің тарихын парақтап отырсаңыз, ғұндардан бастап, сарматтар, арғын, қыпшақ, найман рулары кездеседі. Біздің эрамызға дейінгі жазбаларда Арыстан батырдың 400 мың сарбазы туралы айтылған. Сол уақытта мемлекет, өндіріс орындары болғаны тарихтан белгілі. Енді осыны тереңдете беруіміз керек. 550 жылдықпен шектеліп қалуға болмайды. Мысалы, Қазан қаласында Байбарыстың мемлекетті басқару тәсілі туралы том-том кітаптар бар. Сол кітаптарда қазақ халқы туралы көптеген деректер кездеседі. Бүгінгі ұрпақ, келер ұрпақ білуі тиіс тарихымыз қамтылған. Сондықтан, осы 550 жылдықтың арқасында жоғымызды түгендеп алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Германияның өзінде қаншама тарихмыз жатыр, Аттиланың сол жерде алғашқы пьесасы қойылғанын білеміз, соның барлығын біз өзімізге алдыруымыз керек. Шетте қалған дүниелерді әлем тілдеріне аудару мәселесі де маңызды. Орыс тіліне, ағылышын тіліне, басқа да тілдерге аударуымыз шарт. Сонда ғана қазақ халқының тарихы баянды болады. Жақында ғана бір орыстың тарихшысы ғұндардың қасында ундар өмір сүрген деген дерек келтірді. Ундар славяндар екен дейді. Оны қандай мәліметке сүйеніп алды? Сондықтан тарихи деректерді мұрағаттар мен мұражайлардан іздеп тауып, нақтылап қана зерттеуіміз, жарыққа шығаруымыз керек. 550 жылдығымызды анықтап алғаннан кейін деректер бірінен соң бірі шығады. Одан әрі қарай 2 мың, 3 мың жылдығын зерттеуге болады. Осы 550 жылдық тұсында әрбір қаламгер, әрбір тарихшы әлем кезіп, деректерді іздеп тауып, тарихымызды толықтыруы тиіс. Тегін білмеген тексіз дейді ғой, ол біздің тарихымыз емес пе? Соны білуіміз керек.

– Ал өзіңіз Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап жаңа зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырған жоқсыз ба?

– Өзімнің осы уақытқа дейін 4 томдық кітабым шықты. Ол аштық пен қуғын-сүргінге байланысты Ресейдің мұрағаттарынан, мұражайларынан алынған еңбектер негізінде жазылды. «Қанды ауыз» деген киноповесті тәмамдадым. Мұнда халқымыздың бастан кешкен тарихы, 80 пайыз халқымыздың қырылғаны айтылады. 1900 жылы Ресейдің қаулысында көрсетілгендей, 8 млн 200 мың қазақ болған. 1917 жылы Ахмет Байтұрсынов 7 млн 500 мың қазақ болды деп жазады. Ал енді осыншама қазақ қайда кетті? 1900 жыл мен 1917 жылдың арасындағы 17 жылда 700 мың халық қайда кетті? 1903-1905 жылдары жұт, аштық болды, сосын оба шықты, халықты осындай қырғынға ұшыратып кетті. Ал енді 1893 жылғы Лейпцигтің есебінде қазақтар өзбектерден 2,5 есе көп болды деп көрсетілген, өзбектер қазір – 40 млн. Ал біз құрығында 80 млн адам болатын едік, осы 4 бірдей аштық әдейі ұйымдастырылған. Бұл Голощекин, Мирзоян мен Сталиннің қолымен жасалған аштық еді. Олар қазақ жерін қазақтарсыз басқаруды ойлаған. Оның түп тамыры Екатерина ІІ билігінен бастау алады. Оның қазақтарды отарлау жөніндегі 12-13 пункт ережесі бар. Менің айтылған қырғын туралы 4 кітабымда осының барлығы мұрағат деректерімен дәлелденіп, жазылды. Ал енді осыны киноға түсірсе, үлкен сериялық туынды болар еді. Мұрағатта тұрған жазба деректерге ешкім дау айта алмайды. Онда жылы, айы барлығы түгел көрсетілген. Менің тарихымызды зерттеуге қосып отырған үлесім осы деуге болады. Жиембет батыр туралы романым бойынша жарты сағаттық фильм түсірілді. Есім ханның бас биі, қолбасшы Жиембет батыр – Орбұлақ шайқасындағы атақты батырдың бірі. Жиембет батыр ескерусіз қалмайды деген ойдамын. 10 сериялық кино дайындалып жатыр. Оған біздің батырларымыздың барлығы енуі тиіс. Орбұлақ шайқасында 600 жауынгер 30 мың жоңғардың көзін жойған. Олар окоп қазып шайқасқан. Оған дейін соғыс өнерінде бұл еш жерде болмаған әдіс. Осындай деректердің барлығын зерттей түсу қажет.

Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА

По материалам: bnews.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>