Керей мен Жәнібек Хандар Әбілқайырдан неге кетті?

Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек хан Әбілқайыр ханнан неге бөлінді деген мәселе тарихта бірнеше нұсқа арқылы түсіндіріледі. BNews.kz тілшісіне арнайы сұхбат берген Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, белгілі профессор Бүркітбай Аяған осы бірнеше болжамды айтып берді.

«Жалпы, Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан неге кетті дегенде, бірнеше нұсқаны атап айтуға болады. Біріншіден, Әбілқайырдың аталары шибан. Ал, Жәнібек пен Керей Орда Еженнен тарайды. Орда Еженнен Орыс хан, одан Барақ, Барақтан Құйыршық, Құйыршықтан Жәнібек тарайды. Олардың барлығы Жошы тұқымы. Бұлар бір-біріне бөтен емес. Сол кездегі тарихшылардың айтуынша, Әбілқайыр хан өте қатігез еді. Онымен қоса, бітпейтін бір соғыстар болған. Қалмақтардан жеңілгеннен кейінгі Әбілқайырдың әрекеттерін ел ұнатпады деседі. Бұл – бір себеп», – деген тарихшы екі сұлтанның жеке кетуіне Әбілқайырдың ұлы – Шақбұдақтың өлімі себеп болуы мүмкін екенін жеткізді.

«Екінші себеп – билікке талас болуы мүмкін. Үшінші себеп, Әбілқайырдың тұқымдары Орта Азияға тартып тұрған. Ал, қазақ сұлтандары даланың өмірін ұнатқан. Бұлардан өзге тағы бір маңызды мәлімет бар, оны айтпай кетсек болмас. Ресейде тұратын тамаша қазақ ғалымы бар, Тұрсын Сұлтанов деген. Сол кісінің айтуы бойынша, Әбілқайырдың үлкен ұлы Шақбұдақ әкесінің тағын сақтаймын деп жүргенде, оны белгілі мырзалар мен бектер өлтіріп кеткен. Ноғай бектері болуы мүмкін, өзбек бектері болуы мүмкін. Шақбұдаққа шабуыл жасағандардың арасында Керей сұлтан бар сияқты деп жазады. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлының жазуынша, Керей мен Әбілқайырды татуластыру үшін араға делдал салынған. Бірақ, Әбілқайыр ешкімді кешірмеген. Сондықтан, Керей мен Жәнібек алыстуға тырысады»,-дейді Б.Аяған.

Белгілі тарихшы сондай-ақ шетелдік тарихшылар айтпаған, бірақ қазақ тарихшылары зерттеп, дәлелдеген тағы бір деректі айтып отыр.

«Қазақ ұғымында сақталып қалған тағы бір мәлімет бар. Шетелдік авторлар бұл мәліметті айтпайды, тек қазақ тарихында ғана бар. Әбілқайыр негізі қыпшақ бектеріне арқа сүйеген болатын. Бірақ, оның сүйікті Ақжол биі болған деседі. Ақжол биідің Қара қыпшақ Қобыландымен қарым-қатынасы нашар болған екен. Ақыры, күтпеген жерден Қобыланды Ақжол биді мерт қылады екен. Бұл оқиға шындыққа жанасады. Себебі, қазақтың халық ауыз әдибеті тарихында Ақжол бидің әкесі – Қодантайшының ұлының сүйегін айналып жүріп жылаған мына жыры бар:

«Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!

Сексен асып, таянғанда тоқсанға,

Тұра алмастай үзілді ме жұлыным!

Адасқанын жолға салдық бұл ноғайлы ұлының!

Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,

Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!».

Міне, осындай себептерге байланысты шамамен 1455-1456 жылдары Керей мен Жәнібек өздерінің сенімді тайпаларымен Шуға кетеді. Сол Жәнібек пен Керейдің маңайындағыларды «қазақ» деп атай бастайды», – деп түйіндеді ойын Б.Аяған.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

Тақырып: bnews.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>