2015 жылдың 27 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Төл тарихым – тамырым» атты республикалық студент ақындар айтысы өтеді. Айтысты ақын Серік Қалиев жүргізеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Әділқазылар алқасына танымал ақын Жүрсін Ерман, филол.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып тең төрағалық етеді. Әділқазылар алқасының құрамында журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ф.ғ.к., доцент Самал Дәрібаев, айтыскер ақын Әбдіғани Бәзілхан, айтыскер ақын Қайрат Құлмұхамет, «Қамшы» ақпараттық сайтының Бас директоры Қуаныш Біләл бар.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, айтысқа республикалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, бақ сынасады.
Айтыстың мақсаты – тарихи ұлы тұлғалардың ерліктерін насихаттай отырып, отаншылдыққа, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеу. Жас ақындарды ынталандыру.
Айтысқа ақын Әбдіғани Бәзілхан, жеке кәсіпкер Бектұрған Зейнелұлы демеушілік етеді.
Бас жүлдеге қомақты қаржы тігіледі. Айтыс Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультеті Малахит залында сағ. 14.00-те басталады. Келем деушілерге есік ашық.
Тақырып:www.bnews.kz