Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент орнатылатын жерде құрылыс жұмыстары басталып кеттi. Бұл туралы бүгiн Еуразия ұлттық университетiнде Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өтiп жатқан «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда ҚР Мәдениет және спорт министрлiгiнiң жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев мәлiм еттi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi. Суретті Бауыржан ЖУАСБАЕВ түсірген, BNews.kz
«Қазақ хандығына 550 жыл монументiнiң үздiк жобасына республикалық конкурс жарияланып, үздiк жоба таңдалды. Қазiргi уақытта монумент орнатылатын жерде құрылыс жұмыстары жүргiзiлуде», – деп хабарлады Қ.Уәлиев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткiш болып табылатын көне Тараз қалашығында геологиялық зерттеулер, реставрация және консервация жұмыстарын жүргiзу басталып кеткен.
«Тарихи кесенелер мен ескерткiштердi, атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи, Жошы хан, Алаша хан кесенелерi, ежелгi Сауран, Отырар ескерткiштерi, Ақыртас, Баласұғын сарай-кешендерi қазiрде қалпына келтiрiлiп жатыр», – дедi жауапты хатшы
Тақырып: bnews.kz