Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында болды. Отандық киноөндірістің бағыт-бағдарымен танысқан Президент «Қазақ елі» сериалының түсірілім алаңын да көріп шықты. Қазақ халқының біртұтас тәуелсіз мемлекет болып біріккеніне дейінгі бірнеше кезеңдер тарихи киноның мазмұны болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының жаңа белесінде халыққа мәдени азық болар «Қазақ елі» сериалының түсірілім алаңын ұзақ аралап, әр деталіне мән берді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарық көрмек тарихи сериалдың премьерасы 3 айдан соң, яғни қазақ елінің тәуелсіздігі күні көрерменге жол тартады.
Тарихи тағылымды туындыда 15-ғасырдың орта шенінде азулы Алтын Орда құлдыраған соң, Еуразия төсінде бірнеше хандық құрылғаны жайлы, оның ішінде әсіресе Ақ орданың мығымдығы туралы көрсетілмек. Жойқын шапшыншылықтарға төтеп берген қазақтың ерлігі, елдіктің сыры, бәрі-бәрі тарихи кинолардың астарында болуы тиіс. Қазақ киносының сапасын, «Қазақфильмнің» қауқарын күшейтуді үнемі айтатын Елбасы бүгін барлық шығармашылық ұжыммен кездесті.
Отандық кино өндірістің жоспары мен жобаларын түгендеп, сұрап білген Елбасы Қазақстан мемлекеттілігінің, тәуелсіздігінің алғашқы кезеңі туралы фильм кейіпкерлерін сомдаушылармен де танысты. Фильмге жұмыс барысында «Так сложились звезды» деген атау беріліпті. Естеріңізде болса Елбасы «Қазақфильмге» дамудың жаңа баспалдағындағы Қазақстан ұлт тарихын сомдайтын салмақты фильмдер түсіру туралы тапсырған болатын.
Тақырып: khabar.kz