Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Қазпошта» АҚ Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарған пошта маркаларын таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz.
Шараға Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР Парламентінің депутаттары, пошта саласының ардагерлері қатысты.
«Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елімізде 50-ге жуық конференция өтті. Шетелдегі елшіліктерде 40-тан астам шара өткізілді. Бұл жауапты іске Ұлттық музей ұжымы да өз үлесін қосып келеді. Музейде өткізілген конференциялар мен көрмелер соның айғағы. Бүгін «Қазпошта» ұжымы да Қазақ хандығының 550 жылдығына сый жасап отыр. Пошта маркаларын шығарып, тарихымызды дәріптегені үшін «Қазпоштаға» үкімет тарапынан алғысымды білдіремін», – деді Б.Сапарбаев.
Мерейтойлық пошта маркасының авторы – белгілі суретші Р.Ахмедин. Таралымы 5 мың данадан асады, бағасы 550 теңге тұрады.
Айта кетейік, «Қазпошта» АҚ 2015 жылдың барлық мерейтойларына арнап пошта маркаларын шығарған болатын. Олардың қатарында «Ассамблеяның 20 жылдығы», «Ата заңға 20 жыл», «Жеңіске 70 жыл» маркасы бар.
Тақырып: bnews.kz