40 күн бұрын «Қазақ елі» сериалының түсірілімі басталған еді. Қазіргі уақытқа дейін сериалдың 40%-ы түсірілген, деп хабарлайды BNews.kz. тілшісі.
Қазақ хандығының құрылуы жайлы оқиғаны баяндайтын тарихи сериалдың дайындығы жарты жыл бұрын басталып кеткен. Қазір түсіріліммен қатар, картинаны монтаждау жұмыстары да жүріп жатыр.
«Жұмыс оңай емес. Себебі біз тарихи оқиғаны баяндағалы отырмыз. Сериалдың режиссері ретінде болашақта үлкен форматты экранға бағытталған туынды түсіремін деген ой бар. Бұған сюжетке арқау болар материал байлығы да себеп болып отыр. Жобаны іске асырғаннан кейін фильмді монтаждап, кинотеатр экрандарында көрерменге ұсынар едік»,- деп бөлісті «Қазақ елі» сериалының режиссері Рүстем Әбдірашев.
Бірнеше сериялық «Қазақ елі» фильмінің сценарийін елімізге танымал қаламгерлер – Смағұл Елубаев пен Тимур Жақсылықов режиссер Р.Әбдірашевпен бірлесе отырып жазды.
Бір ғана көшіп-қону көрінісі үшін 200-ден астам адам, 150 жылқы, 10 түйе қолданылған. 10 сериядан тұратын «Қазақ елі» көркем фильмі 2016 жылдың көктемінде көрермен назарына ұсынылатын болады. Орыс, ағылшын, қытай тілдерінде дыбысталатын сериалдың 99%-ы қазақша түсіріліп, жоңғарлар мен шағатайлар тілдері ғана қолданылған.
Сюжет XV ғасырдағы Еуразияның байтағындағы тарихи оқиғаны баяндайтын болады. Рольдердің 90%-ын отандас актерлеріміз сомдайтын болады.
Тақырып:bnews.kz