«Ұлы дала елi» ұғымы брендке айналды. Бұл туралы Астанада ҚР Президентi жанындағы мемлекеттiк басқару академиясында өтiп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесiнiң кеңейтiлген отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР ПӘ хатшылық меңгерушiсi Ералы Тоғжанов мәлiмдедi, деп хабарлайды Bnews.kz тiлшiсi.
«Ұлы дала елi» ұғымын бренд деуге болады. Бұл – жаңа идея. Бiр айға созылған «Ұлы дала елi» экспедициясы жайлы естiген шығарсыздар. Елiмiздiң бiрнеше облысын аралаған экспедицияның қорытындысы өте қызықты, нәтижелi болды. Бiз осы ғылыми экспедицияның қорытындысы бойынша ғылыми конференция өткiздiк. Сол кезде бiздiң конференциямыз үш сағатқа созылып кеттi, өйткенi қызықты болғаны соншалық, ешкiм бiздi жiбергiсi келмедi», – дедi Ералы Тоғжанов.
Атап өтсек, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елi» тарихи-мәдени экспедициясы 4 бағытта ел аралап, 20 мың шақырымнан астам қашықтықты бағындырды. Таразда экспедиция қорытындысы бойынша «Ұлы дала тарихы» көрмесi мен конференция ұйымдастырылды. Қазiр экспедиция бойынша материалдар жинақталып, жүйеленуде.
Тақырып: bnews.kz