Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

ea907a3762d0e89d4d9f94fa92070f31

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығының дара тұлғалары: ерлік пен елдіктің елшісі» атты интеллектуалды олимпиада өтті, деп хабарлайды BNews.kz.
Студенттерге Қазақ хандығы тарихының тағылымын, дара тұлғалардың өмірі мен батырлардың ерен ерліктерін насихаттау және жастардың өз еліне деген мақтаныш, патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында өткен білім сайысына Алматы қаласы ЖОО студенттері қатысты.

«Қыздар университеті» медиа орталығының хабарлауынша, олимпиаданы ұйымдастыруға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйытқы болды. Олимпиада шарты бойынша сайыс 5 турдан тұрды. І айналым таныстыруда әр команда капитаны өзінің университеті мен мүшелерін таныстырып, команданың атын қорғаса, екінші «Тарихи жұмбақ сандар» деп аталатын турда командалар Қазақ хандығының дара тұлғаларының өмірі және қоғамдық-саяси қызметіне және қазақ хандары мен батырлары қатысқан ірі оқиғалармен байланысты сұрақтарға жауап берді.

«Бейне сұрақ» деп аталатын ІІІ айналымда қатысушыларға елімізге танымал тарихшылардың арнайы сауалдары қойылды. Сайыскерлердің сөйлеу мәнері, сөз саптауы мен шешендігі және нақты фактілерді қолдануы басты назарға алынатын «Алтын қақпа» деп аталатын ІV айналымда әр команда «қола қақпа», «күміс қақпа», «алтын қақпа» деп аталатын үш деңгейден өтіп, яғни үш қақпадан өтіп, қазақ хандығының дара тұлғаларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты тарихи терминдерге анықтама берді. Бесінші «Ой толғау» деп аталатын кезеңде қатысушылар арнайы жәшікке қазақ батырларының тарихынан мағлұмат беретін қандай зат салынғанын тапты. Барлық айналым сұрақтары Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуының негізгі кезеңдеріне арналды.

Сайыс қорытындысы бойынша I орынға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Атамекен» командасы ие болды. ІІ орынды Алматы технологиялық университетінің «Хан ордасы» командасы мен С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ибн-Сина» командасы өзара бөлісті. ІІІ орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Жерұйық» командасы мен Алматы университетінің «Ұлы дала қырандары» командасы иеленді. Сондай-ақ, марапаттау қағазымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Сұңқар» командасы мен Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың «Үш жүз» командасы марапатталды. Жеңімпаздардың барлығына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Тақырып:bnews.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>