Бүгін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды BNews.kz.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Ермек Рақымов, ХҚТУ Ғылыми және инновациялық істер жөніндегі вице-президент, профессор Т.Раимбердиев құттықтау сөз айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Профессор Т.Раимбердиев Мәдениет институның профессоры Ерофеева Ирина Викторовнаға «ХҚТУ Құрметті профессоры» атағын табыстады. Профессор Ерофеева Ирина Викторовна – «Казахские ханы: неизвестные правители городов присырдарьинского региона. XVII-XVIIIв.в.» атты еңбегімен қазақ хандығын насихаттауға орасан зор үлес қосқан бірегей ғалымдардың бірі. Бұл 2 томдық еңбекте 818 қазақ хандарының хаттары, т.б., тарихи құжаттары жинастырылған. Сондай-ақ, профессор Т.Раимбердиев алыс, жақын шет елдерден келген бірқатар ғалымдарға университет атынан арнайы естелік сыйлықтар табыстады.
Ел тәуелсіздігін баянды да тұғырлы ету, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру мақсатын көздейтін бұл мемлекеттік шараның маңызы аса зор. Конференция жұмысы ұлттық тарихымызды қайта зерделеуде ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын Түркістанның тарихын, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен оның кесенесін, кесенеде жерленген ата-бабаларымыздың өнегелі жолын насихаттауға арналды.
Қазақ хандығының тарихын зерттеумен айналысып жүрген белгілі отандық зерттеушілер И.В.Ерофеева, А.Исин, Б.Кәрібаев, Н.Атығаев, Ж.Артықбаев, З.Жандарбек, М.Қожа, С.Жолдасбайұлы, т.б., көптеген ғалымдар, сонымен қатар Финляндия Оулу университетінің, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының, Марджани атындағы Тарих институтының, АҚШ Индиана университетінің, Түркия елдерінің ғалымдары қатысты. Республикамыздағы және шетелдердегі тарих, филология, философия, шығыстану, заң салаларының ғалымдары, этнографтар мен деректанушы, тарихнамашы ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері де қатысты.
Конференцияның материалдары арнайы жинақ болып басылады. Сондай-ақ, ХҚТУ «Түркология» журналында жарияланатын болады. Ғалымдарды тоғыстырған бұл айтулы шарада Қазақ хандығының тарихындағы Түркістан қаласының алатын орны ерекше екендігі ғылыми деректермен зерделенді.
Конференция модераторы, профессор Құлбек Ергөбек: «Тарих – әрбір ұлттың қасиетті парағы. (Н.М.Карамзин). Міне, бүгін қазақ хандығына қатысты тарихтың бір парағын ғалымдардың, шетел ғалымдарының көзімен қарадық. Сөзсіз, бұндай ізденістеріңіздегі деректерден кейін патриоттық сезімге бөлендік. Еңбектеріңізді «Түркология» журналына шығарамыз. Барлық баяндамашыларға рахмет!» деген алғысқа толық разылық пейілін ғалымдардан жасырмады.
Тақырып: bnews.kz